Скандинавиялық серуен, бұл спорттың жаңа түрі. Оның ерекшелігі шаңғы таяқтары секілді таяқты пайдалана отырып жүру қажет, сол сәтте денедегі барлық бұлшық еттер қозғалысқа түседі. Спорттың бұл түрімен айналысу қай жаста болсын пайдалы. Есіл және Нұра аудандарына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері спорттың осы түрін таңдаған. Олар скандинавиялық серуенмен айналысу үшін күн сайын Ботаникалық саябаққа жиналып, таза ауада серуен құрады. Скандинавиялық серуеннен шеберлік сабақтарын спорт саласында 45 жылдан астам уақыт қызмет еткен ардагер-спортшы Туғанай Бейсембаева жүргізеді. Бүгінде білікті маманның жаттығу сабақтарына 152 зейнеткер қатысады, олардың арасында ең жасы үлкені – 86 жастағы Сабыржан ақсақал. «Біз скандинавиялық серуен секциясында 4 топқа бөлініп айналысамыз. Жаттығу сабақтары Ботаникалық саябақ пен «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық СК өтеді. Қысты күндері ауа райына байланысты -15 градусқа дейін суықта таза ауада 40-45 минуттай жүруге тырысамыз. Зейнеткерлердің бәрі белсенді, арамызда спорттың осы түрімен 4 жылдан бері айналысып келе жатқандар бар» -деп сөзін түйіндеді Орталықтың дене шынықтыру нұсқаушысы Туғанай Қойшықызы. Бүгінде скандинавиялық серуен секциялары БҰӨСО-ның барлық аудандық филиалдарында бар, қала зейнеткерлерін денсаулыққа пайдалы тегін секцияларға жазылуға шақырамыз!
ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АҚПАРАТТЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУ БӨЛІМІ



