Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Наурыз – көктемнің жарқын мерекесі, жаңару мен бірліктің белгісі!

Осы ерекше күні Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Астана Арена алдында қазақы дәстүрге сай киіз үй тігіп, ақ дастархан жайды. Ата-әжелеріміз әсем әндер шырқап, көрермендерге тамаша концерт ұсынды, бұл жастық жігер мен өмірге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болды.

Мерекелік шарада біздің орталықтың “Армандастар” және “Нұра әуендері” ансамбльдері жан тебірентерлік әндер орындап, көпшілікті қуанышқа бөледі. Ал “Elegance” би тобы өз өнерімен шараның сәнін келтірді.

Концерт аяқталған соң, ақ жаулықты, кимешек киген әжелеріміз қазақтың ежелгі дәстүріне сәйкес ауыл аралап шығуды бейнелеп, алаңды бойлай жүріп, көпшілікке өз құрметтерін білдірді. Бұл көрініс көпшілікті ерекше әсерге бөлеп, өткен мен бүгіннің сабақтастығын сезіндірді.

Наурыз – татулық пен жаңғырудың, жақсылық пен молшылықтың мерекесі болды. Бүгінгі шара ұлттық рухты жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын айшықтады.

Наурыз құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, қуаныш пен шаттық әкелсін!