Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының (БҰӨСО) «Байқоңыр» ауданы бойынша ұйымдастырған «Еңбекке баулу терапиясы» үйірмелері Сарыарқа және Алматы аудандарының бөлімшелерімен бірлесіп, ерекше форматтағы этно-жәрмеңке өткізді.

Бұл шара өмірлік тәжірибесі мол, қолөнерге бейімі бар аға буын өкілдерінің өнерін көпшілікке паш етуге бағытталды. Жәрмеңкеде әр ауданның қызмет алушылары өз қолымен жасаған бұйымдары мен салған суреттерін, түрлі кәдесыйлар мен ұлттық нақыштағы әшекейлерін саудаға ұсынды.

Көрмеде әсіресе көз тартатын бұйымдардың қатарында жасы 90-ға таяған әжелердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы қуыршақтар, түрлі түсті құрақ көрпелер мен кестелі жастықтар көрермендер мен сатып алушылардың ерекше қызығушылығына ие болды. Бұл — тек шеберлік пен шыдамдылықтың ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды сақтауға деген зор ықыластың да көрінісі.

Іс-шара барысында келушілер аға буын шеберлерінің қолөнеріне тәнті болып, олардан тәжірибе мен рухани шабыт алды. Этно-жәрмеңке жылы әрі достық атмосферада өтіп, буындар арасындағы байланысты нығайтуға, салт-дәстүр мен ұлттық мәдениетті насихаттауға үлкен үлес қосты.

Осы игі бастамаға белсене қатысып, өз өнерімен бөліскен барлық ата-әжелерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және сарқылмас шығармашылық шабыт тілейміз!