Астана қаласы Сарыарқа ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» Астана қаласының коллекционерлері алғашқы жиынын өткізді. Іс-шараға 60-70-ке жуық коллекционер зейнеткер қатысты, олар өздерінің жеке жинақтарын таныстырып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Қатысушылардың жартысынан астамы – Астана қаласының зейнеткерлері және орталықтың тұрақты қызмет алушылары.
Коллекционер зейнеткерлердің негізгі мақсаттары:
Мәдени мұраны сақтау – Қазақстанның тарихи және мәдени құндылықтарын қамтитын артефактілерді, өнер туындыларын және тарихи жәдігерлерді жинақтау, сақтау, сондай-ақ оларды келешек ұрпаққа ұсыну арқылы мәдени мұраны қорғау.
Өнер мен тарихты насихаттау – Көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, тарихи-мәдени құндылықтарды кеңінен дәріптеу. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де маңызды болып табылады.
Жеке және қоғамдық коллекцияларды қалыптастыру – Тарихи жәдігерлерді жинақтау және оларды қоғам игілігіне ұсыну. Жинақталған коллекциялар қоғамның мәдени дамуына үлес қосып, өнер мен тарихтың құндылықтарын арттырады.
Инвестициялық бағыт – Сирек әрі құнды өнер туындыларына, антиквариатқа және басқа да коллекциялық заттарға инвестиция салу. Бұл бағыт қаржылық тұрғыдан тиімді болумен қатар, мәдени мұраны сақтауға да септігін тигізеді.
Білім беру қызметі – Коллекционерлер жинақтаған білімдері мен тәжірибелерін жастармен бөлісіп, олардың өнер мен тарихқа қызығушылығын арттыру арқылы мәдени білім деңгейін көтеру.
Халықаралық көрмелер мен аукциондарға қатысу – Қазақстандық коллекцияларды әлемдік деңгейде таныстыру және дамыту. Бұл арқылы еліміздің мәдени мұрасы халықаралық аренада кеңінен танылады, сонымен қатар қазақстандық коллекционерлердің тәжірибесі мен шығармашылығы әлемге танымал болады.
Қатысушылар бұл жиында өздерінің жеке коллекциялары мен жинақтау тәжірибелерімен бөлісіп, болашақта осындай іс-шаралардың аясын кеңейтуді және ұлт мәдениетін сақтауға қосымша үлес қосуды жоспарлап отыр.



