
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері қайырымдылық шарасына атсалысты
Астана қаласындағы “Like Көмек” орталығына барып, ардагерлер қайырымдылық бұрышына өз үлестерін қосты. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері алдын ала киім-кешек, сөмке және басқа да қажетті заттарды жинап, орталыққа тапсырды.
“Like Көмек” орталығының басшылығы бұл игі іске алғысын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Өз кезегінде орталық тоқыма киімдерді сыйға тартты. Бұл киімдерді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолөнермен айналысатын әжелері тарқатып, жүн шұлықтар, қолғап, бас киімдер тоқуды жоспарлап отыр. Дайын болған жылы киімдер ауруханаларға жеткізіліп, мұқтаж жандарға таратылады.
Бұл бастама – үлкендердің қайырымдылыққа қосқан үлесі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен ізгіліктің көрінісі. Орталықтың ардагерлері мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.



