Сарайшық ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бақыт» атты мерекелік іс-шара өтті. Жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылған кеш орталық қызмет алушыларына арналған мазмұнды концерттік бағдарламамен өтті. Шара барысында зейнеткерлерге ән мен биден, шығармашылық және спорттық қойылымдардан құралған түрлі нөмірлер ұсынылды.

Мерекелік бағдарламаны арт-терапия үйірмесінің қатысушылары флешмобпен ашты. Одан кейін «Сылқым бике» би тобы «Королева красоты» және жаңа жылдық флешмоб билерін орындады. Асыл Искакова көрермендерге «Ғашық жүрек» әнін тарту етті. Йога үйірмесі «Жаңа жылдық релакс», ал оңалту гимнастикасы үйірмесі «Жаңа жылдық көңіл-күй» атты көрсетілімдерін ұсынды. Сондай-ақ, кеш барысында «Тұмар» фольклорлық ансамблі Паоло Пиццигонидің вальс-мюзеттін «Жарық пен көлеңке» шығармасын орындап, баян солосын Гульфия Шаграева орындады. Ансамбль мүшелері хор болып «Қош келдің, Жаңа жыл!» әнін шырқады. Ануарбек Утелов бірнеше концерттік нөмірімен өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында арт-терапиядан «Цыганочка» биін ұсынылды.

Мереке соңында Сарайшық ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекшісі Ақсұлу Шайдоллақызы жиналған қауымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, барша қатысушыларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және жаңа жылда мол табыс тіледі. Кеш Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен жалғасын тауып, қатысушыларға мерекелік сыйлықтар табысталды. Іс-шара жылы атмосферада өтіп, көтеріңкі көңіл-күймен қорытындыланды.



