Байқоңыр және Сарыарқа аудандарының бастамасымен Наурызнама аясында 14 наурыз — Көрісу айт күні «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара Жаннұр сауда үйінде ұйымдастырылды.
Мерекенің басты мақсаты — Көрісу (Амал) дәстүрін насихаттау, үлкен буын өкілдеріне құрмет көрсету және қала тұрғындарын ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдениетпен таныстыру болды.
Концерт басталмас бұрын қатысушылар сауда үйін аралап, ән айтып, келген қонақтарды концертке шақырды.
Жиналған қауымды Байқоңыр ауданының басшысы Роза Қарабекқызы құттықтап, Көрісу мерекесіне орай жылы лебізін білдірді.

Концерт театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылым барысында қатысушылар көрісу дәстүрін сахналық көрініс арқылы көрсетіп, ауыл тұрғындары бір-бірімен амандасып, ақсақалдар бата беріп, әжелер шашу шашты.
Бағдарлама барысында әндер шырқалып, билер орындалды. Сонымен қатар, ұлттық киімдер дефилесі ұйымдастырылды.

Іс-шара көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қазақ халқының бай салт-дәстүрі мен мәдениетін тағы бір мәрте еске салды.



