Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Астанада қарттар айлығы аясында аға буын өкілдерінің өнерін ұлықтап, шығармашылық қабілетін дәріптеуге арналған «Алтын күз» фестивалі өтті. Өнер мерекесіне қаланың әр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарынан келген зейнеткерлер қатысып, ән айтып, күй тартып, би билеп, көркем сөз оқып, ұлттық өнердің озық үлгілерін көпшілікке ұсынды.
Фестиваль сахнасында өнер көрсеткен аға буын өкілдері өздерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. «Есіл толқындары» халықтық ансамблі «Ардагерлер асыл жандар» әнін орындаса, «Асыл мұра» домбыра ансамблі «Әсем қоңыр» күйін күмбірлетті. Есенбек Сәтбаев Нартайдың термесін орындап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосты.
«Ақ кимешекті аналар» ансамблі «Ахау, керім» әнін орындап, қазақы салт-дәстүр мен әже өнегесін сахна төріне шығарды. «Елорда» халықтық ардагерлер хоры «Қазақстан – қыран далам» әнін шырқаса, «Ата толғауы» этноансамблі «Көш керуен» шығармасын орындады. Ал «Атамекен» вокалдық ансамблі «Ақтамақ» әнімен көрермен көңілінен шықты.
Фестиваль бағдарламасы сан алуан өнер түрлерін қамтыды. Жұмағазы Какимжанов «Қайран уақыт» әнімен сахна сәнін келтірді. «Қамажай» би ұжымы қазақ биін билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Березка» ансамблі «Осенние листья» әнін орындаса, «Кербез» би ұжымы украин халқының «Пидманула» биін ұсынды.
Сонымен қатар Нұрсат Алмас «Синяя вечность» әнін, Роза Набиуллина «Прощание с городом» шығармасын орындады. «Элегант» би ұжымы да өз өнерін ортаға салды. Күйші Қоңырат Үскенбаев «Ерке сылқым» күйін орындап, домбыраның қоңыр үнін әуелетті.


Ұлттық рухты көтерген шығармалардың қатарында Еркін Қасеновтің көркем сөз оқуы, Салтанат Шанинаның «Гауһар тас» әнін орындауы, «Шолпы» би ұжымының өнері, «Жігер» тобының орындауындағы «Сиремесін ардагерлер» тобының шығармасы болды. Қанат Өмірбеков пен Наталья Мостоваядан құралған дуэт «Эхо любви» әнін орындаса, Қалалық халықтық ардагерлер хоры «Роза белая» шығармасын ұсынды.
«Сарайшық сазы» вокалдық ансамблі «Су тасушы қыз» әнін шырқап, ал Қанат Мерсалимов пен «Жігер» триосы «Мәңгілік елім» әнін орындады. Осылайша фестиваль сахнасы ән мен күйге, ұлттық өнер мен әсем биге толды.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік хор» номинациясы «Есіл толқындары» халықтық ансамбліне, «Үздік вокал тобы» – «Сарайшық сазы» ансамбліне, «Үздік домбыра ансамблі» – «Асыл мұра» ұжымына табысталды.


«Үздік көркем сөз оқу шебері» номинациясын Еркін Қасенов иеленсе, «Үздік ұлттық құндылықты дәріптеу» номинациясы Есенбек Сәтбаевқа берілді. «Үздік авторлық ән» номинациясында «Мәңгілік елім» шығармасы, «Үздік эстрадалық орындау» номинациясында «Эхо любви» дуэті мен «Жігер» тобы үздік деп танылды. «Үздік жеке орындау» номинациясына Роза Набиулина лайық деп танылса, «Үздік би ұжымы» – «Қамажай» ұжымы атанды. Ал көрермендердің ерекше ықыласына бөленген «Ата толғауы» домбыра ансамблі «Көрермендер көзайымы» номинациясымен марапатталды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров фестивальдің маңыздылығына тоқталып, Орталықтың қарияларына жылы лебізін білдірді.
«Екінші жыл қатарынан біздің өнерпаз ата-әжелеріміз зейнеткерлердің қалалық өнер байқауына қатысып жүр. Қалалық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен өтетін бұл байқау егде жастағы адамдарға өз таланттарын танытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Фестивальдің іріктеу кезеңіне әр ауданнан 8-9 шығармашылық нөмірден ұсынылып, бүгінгі гала-концертке тек үздіктер ғана өнер көрсетуде», – деді Орталық директоры Серік Жолаушыұлы.
«Алтын күз» фестивалі – аға буынның өнерін насихаттап қана қоймай, олардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға, шығармашылықпен айналысуына және қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік беретін маңызды мәдени жоба. Өнер арқылы ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген зейнеткерлердің әрбір сахналық қойылымы – өмірге деген құштарлықтың, өнерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Бүгінде елорданың Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына мыңдаған зейнеткер келіп, спортпен шұғылданып, шығармашылық үйірмелерге қатысып, түрлі мәдени және қоғамдық шараларға белсенді араласуда. «Алтын күз» фестивалі де аға буынның өнерін бағалап, олардың қоғамдағы белсенді орнын айшықтайтын тағылымды шаралардың біріне айналды. Ардагерлердің «Алтын күз» фестивалін ұйымдастыруға қалалық Ардагерлер ұйымы мұрындық болды.