Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ұрпаққа аманат» зияткерлік клубы мен Тұран университетінің студенттері арасында бірлескен іс-шара өтті. «Республика – менің бақытты мекенім» атты кештің негізгі мақсаты – студенттер мен ардагерлер арасындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыру және тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру болды.

Іс-шара барысында қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеп, Отанға деген мақтаныш сезімін жүректерінде ұялатты. Зейнеткерлер өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға ақ батасын берді.

Бұл шараның әрбір сәті жылы көңіл мен өзара құрметке толы болды. Кездесудің соңында студенттер мен ардагерлер ел болашағына жауапты азамат болуға деген сенімдері мен ынталарын білдіріп, «Менің бақытты мекенім – Тәуелсіз Қазақстан!» деген ортақ ұранмен естелік суретке түсті.



