Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел ерлігін ұлықтаған тағзым шаралары Сарыарқа, Байқоңыр және Нұра аудандарында бір мезгілде өтті. Іс-шаралар барысында Кеңес Одағының Батырлары — Мәншүк Мәметова мен И.В. Панфиловтың рухына құрмет көрсетілді.

Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бастамасымен қаһарман қыз Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының орталықтарының қызмет алушылары мен Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, майдангерлер рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Жүректерге терең әсер еткен үнсіздік сәтінен соң, ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.

Іс-шара патриоттық рухты ұлықтаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Қатысушылар патриоттық әндер шырқап, билер билеп, жүрек тебірентер жырлар оқыды. Майдангерлер мен ардагерлерге шынайы алғыс білдірілді.

Ал Нұра ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің қызмет алушылары Жерұйық саябағында орналасқан Кеңес Одағының Батыры И.В. Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Бұл шара да Ұлы Жеңіс қаһармандарына деген шексіз құрмет пен ұрпақ парызы екенін тағы бір мәрте айқындады.

Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – ерлікті ұмытпау, тарихты құрметтеу және ел тыныштығының бағасын түсіну сәті.

Мереке құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!