Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Есіл ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс жауынгерлері – Поколение победителей» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің «Ішкі саясат басқармасы» басшысы Нұрдаулет Әлмұханов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев, қоғам қайраткері, профессор Майдан Құсайынов және қалалық ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.

Сондай-ақ, іс-шарада батырларымыздың ұрпақтары мен туыстары – Рақымжан Қошқарбаевтың, Михаил Бутенконың, Әлмұқан Сембиновтың, Әлихан Темірбековтың, Қаматай Тоқабаевтың, Шәукен Сембиновтың және Нашарбек Шамшановтың жақындары да арнайы шақырылды. Кітап тұсаукесері барысында соғыс жылдарының естеліктері мен батырлардың ерлік жолы туралы құнды деректер айтылды.

Шараның мақсаты – ерлік дәстүрін ұлықтау, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу және ардагерлердің есімін мәңгі жадымызда сақтау. Мәдени басқосу жылы әрі әсерлі атмосферада өтіп, қонақтар ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.