Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай жоспарланған мерекелік іс-шаралар аясында «Абайды оқимыз» атты әдеби эстафета ұйымдастырылды. Бұл тағылымды шара Абай рухына тағзым ету, халықтың рухани мәдениетін дәріптеу және ақын мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында өтті.

Эстафета Абай ескерткішінің жанында ұйымдастырылып, рухани мазмұнға толы сәттерге куә болды. Қатысушылар ұлы ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, оның терең ойлы, философиялық мұрасын тағы бір мәрте еске алды.

Аталған іс-шараға Есіл ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері, яғни орталықтың қызмет алушылары белсенді түрде қатысты. Олар Абай шығармашылығына деген құрметін білдіріп, ақынның сөз маржандарын көпшілікпен бірге бөлісті. Бұл – егде жастағы азаматтардың ел мәдениетіне қосқан зор үлесінің жарқын көрінісі болды.

«Таным» поэзия зияткерлік клубының жетекшісі Гүлжамила Қонақбаева шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болып, қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, әдеби эстафетаның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Эстафета барысында айтылған әрбір сөз, оқылған әр шумақ – Абай рухына тағзым мен терең құрметтің белгісіне айналды. Қатысушылар мұндай рухани шаралардың маңыздылығын атап өтіп, Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған бастамалар жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.