Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-нің «Тіл шаңырағы» әдеби-танымдық клубының ұйымдастыруымен «Талғам және Әуен» атты әдеби-танымдық шығармашылық кеш өтті.

Іс-шараның басты мақсаты — ұлт өнерінің аңызға айналған тұлғаларының шығармашылығын насихаттау және жас ұрпаққа рухани мұра қалдыру. Шығармашылық кеш Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып, «Тіл шаңырағы» әдеби-танымдық клубының белсенді мүшелері, орталықта қызмет атқаратын Азат Шәріпұлы Хасенов пен Дүйсенбай Нүрпейістің шығармашылығына арналды.

Кештің жүргізушісі, клуб жетекшісі Примбетова Маржан Бектұрсынқызы шығармашылық иелерінің ұрпаққа өнеге болар тұстарына тоқталып, олардың өнер жолындағы жетістіктерін атап өтті. Зейнеткер Азат Хасенов пен Дүйсенбай Нүрпейістің шығармашылығын жоғары бағалаған көрермендер өз пікірлерін білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Шарада ақын Оқан Рахымбек сөздеріне жазылған сазгер Дүйсенбай Нүрпейістің «Ел қызы Маржан» атты әні шырқалып, сазгердің басқа да әсем әндері орындалды. Сонымен қатар, суретші Азат Хасеновтің шығармашылық көрмесі көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, оң пікірлер айтылды.

Кеш барысында ұйымдастырылған танымдық сұрақтар — «Бір сұраққа екі жауап» және «Бұл кім?» ойындары қатысушылардың қызығушылығын арттырып, шараның қызықты өтуіне ықпал жасады.

Әдеби-танымдық кеште сазгер Дүйсенбай Нүрпейістің «Астана», «Аңсағаным», «Өз өзіңді жақсы көр», «Анашым» әндері орындалып, клубтың белсенді мүшелері мәнерлеп өлең оқыды. Қонақтар «Құрметті қонақтар қолтаңбасы» альбомына пікірлерін қалдырып, шараны жоғары бағалады. Сырттан шақырылған арнайы қонақтар да кештің мазмұнына ерекше қызығушылық танытып, ризашылықтарын білдірді.