Сарыарқа ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» Қазақстанның Тәуелсіздік күніне және 10 желтоқсан – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы жарияланған күнге орай патриоттық мәдени шара өтті. Бұл іс-шара ел Тәуелсіздігінің маңызын және жаңа астананың тарихи рөлін атап өту мақсатында ұйымдастырылды.
Шара барысында елімізге деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті оятатын патриоттық әндер орындалып, хореографиялық топтар би қойылымдарын ұсынды. Әсіресе, «Астана», «Менің Қазақстаным» сынды әндер жұртшылықтың жүрегін баурап, ұлттық рухты көтерді. Мерекенің шарықтау шегі ретінде барлық қатысушылар бірлесіп «Атамекен» әнін орындап, ортақ Отанға деген сүйіспеншіліктерін білдірді. Орындаушылардың өнері көрермендердің көңілін толқытып, олардың патриоттық сезімдерін ұшқыртып, рухын көтерді.
Сонымен қатар, мереке аясында бірқатар еріктілерге Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры М. Еркетаевтың атынан алғыс хаттар табысталды. Бұл сыйлықтар еріктілердің қоғамдық өмірдегі белсенділігі мен елімізге қосқан үлестерін жоғары бағалау мақсатында берілді.
Бұл мереке Отанымызға деген құрмет пен патриотизмді арттырып, жиналғандардың жүрегінде ерекше әсер қалдырды. Шара барысында ел болашағы мен бірлігі туралы ойлар айтылып, Тәуелсіздіктің қадірі мен маңызы тағы да терең сезілді.
АҚПАРАТТЫҚ-ТАНЫМДЫҚ БӨЛІМ



