Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Наурызнама онкүндігіне орай елордадағы Сарайшық ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ұлттық киімдердің көрінісін өткізді. Орталықтың домбырашылар ансамблі қала тұрғындары үшін мерекелік концерт ұйымдастырды.
Бүгін «Damu Mall» сауда орталығында сән мен ұлттық рух үйлесім тапқан жарқын іс-шара өтті.
Сарайшық ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолөнер шеберлері қазақ халқының бай мәдени мұрасын таныстырып, көпшілікке ұлттық киімдердің әсем әрі өзіндік ерекшелігі бар үлгілерін ұсынды.
Әрбір ою-өрнек өз тарихын шертіп, дәстүрдің терең мәнін жеткізгендей әсер қалдырды.
«Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күйлер мен әсем әуендер көрермендерге көңілін баурап алды.
«Бүгін 18 наурыз – ұлттық киім күні, яғни ұлттық мәдениетімізді ұлықтайтын күн! Ұлттық киім арқылы халқымыздың тарихы мен рухани байлығын көрсететін күн.


Бүгінгі күннің өзінде Астана қаласының 6 ауданында ұлттық киім күніне арналған 10-ға жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды, оған барлық өнер ұжымдары жұмылдырылған. Жалпы біздің Белсенді ұзақ өмір сүру Орталығында Наурызнама аясында 40-қа жуық мәдени, ойын-сайық іс-шаралар өткізу жоспарлаған. Қазір «Даму молл» сауда Орталығының холлында ақ жаулықты әжелеріміз ұлттық киімдердің көрінісін көрсетіп жатыр, ал өнерлі зейнеткерлерден құрылған «Шабыт» домбырашылар ансамблі ән мен күйден шашу шашты. Осы мерекеде бір-бірімізге ізгі тілектер арнап, салт-дәстүрімізді насихаттайық!» — деп пікір білдірді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Қайыртасқызы.
Бұл күн ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, мәдени мұрамызға деген мақтаныш сезімін арттырған жарқын әрі есте қаларлық мерекеге айналды.