17 қыркүйекте Нұра ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жұмыс сапарымен Шанхай қаласындағы «Янчжи» оңалту ауруханасының өкілдері келді.
Қытайлық делегацияны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров қарсы алып, қонақтарға Орталықтың қызметі мен негізгі бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.
Сапар барысында делегация мүшелері алдымен ресепшн аймағында Орталықта көрсетілетін әлеуметтік және сауықтыру қызметтерімен, қызмет алушы зейнеткерлер туралы мәліметтермен танысты. Бұдан кейін қытайлық мамандар би залының, домбырашылар үйірмесінің, оңалту гимнастикасы мен релаксация кабинеттерінің жұмысын көрді. Сондай-ақ тоғызқұмалақ, пилатес және йога бағыттары бойынша ұйымдастырылған сабақтарға назар аударды.
Нұра ауданындағы Орталықтың жас маманы Дамира Мұстафина қонақтарға зейнеткерлерді тіркеу тәртібін түсіндіріп, ақпараттық-презентациялық тақта мен бейнематериалдар арқылы мекеменің күнделікті жұмысы туралы қосымша мәлімет ұсынды.
Кездесу барысында тараптар егде жастағы адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, олардың белсенді өмір салтын қалыптастыру және денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Өз кезегінде Шанхайдан келген мамандар Орталық басшылығына естелік сыйлықтарын табыстап, жылы қабылдау үшін алғыстарын білдірді.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы басшылығының айтуынша, делегацияның екі күндік жұмыс сапары аясында елордадағы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының тәжірибесімен танысу және өзара тәжірибе алмасу көзделген.

«Шанхай қаласынан келген делегация екі күндік іссапарын жалғастыруда. Негізгі мақсат – елордадағы әлеуметтік саланың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу. Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметін көрсетіп, әлеуметтік саладағы жұмыстардың ұйымдастырылу барысымен таныстыру жоспарланған» – деді Орталық директоры Серік Жолаушыұлы.
Шетелдік мамандардың сапары әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы тәжірибе алмасуға, тиімді тәсілдерді зерделеуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.



