Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киім – асыл мұра» атты шеберлік сабағы өтті. Іс-шараға тігін үйірмесінің қатысушылары қатысып, жетекшілік еткен Батима Қалиоллақызы ұлттық киімдерді тігу ерекшеліктерін таныстырды. Шараны Ақнұрлан Белесарова жүргізді.
Шеберлік сабағы барысында қатысушылар кимешек тігудің негізгі кезеңдерін меңгерді: өлшем алып, үлгі бойынша пішу, ою-өрнек түсіріп, кестелеу және дайын бұйымды құрастыру жұмыстары орындалды. Сонымен қатар, қазақ ою-өрнектерінің мәні түсіндіріліп, қолөнердің ұрпақтар сабақтастығындағы маңызы айтылды.

Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелері ескертіліп, қатысушыларға қолайлы әдіс-тәсілдер ұсынылды. Сергіту сәтінде ұлттық киімге қатысты мақал-мәтелдер айтылып, қатысушылар өз естеліктерімен бөлісті. Күй мен халық әндері шараның көркін арттырды, сондай-ақ қазақ биі орындалды.
Сабақ соңында дайын бұйымдар көрмеге қойылып, шағын сән көрсетілімі ұйымдастырылды.



