Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік – ел тұтастығының кепілі» атты мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік шараның шымылдығы «Қазақ тілі» үйірмесінің қызмет алушылары дайындаған «Достық жыры» атты көркем композициямен ашылды. Бұл көріністе әр ұлттың өкілдері өз ана тілдерінде қазақ халқына алғыс айтып, бейбіт өмір мен татулық үшін ризашылықтарын білдірді. Көрініс әсерлі орындалған «Атамекен» әнімен жалғасын тапты. Ән орындалған сәтте көрермендер орындарынан тұрып, әнге қосылып, қазақ халқына деген сүйіспеншіліктерін білдірді.
Мерекелік іс-шара Орталықтың бөлім басшысы К.Бапишевтің құттықтау сөзімен жалғасты. Ол еліміздегі ынтымақ пен достықтың маңыздылығына тоқталды.

Концерттік бағдарламада түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалып, ұлттық билер орындалды. Сахна төрінде орталықтың өнерпаздарымен қатар, “Астана қаласының орыс қауымы” ҚБ-не қарасты “Богатица” орыс және казак әндері ансамблі мен «Ветеран» қалалық халық хоры өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, «Достық көпірі» атты қызықты ойын ұйымдастырылды. Бұл ойында қатысушылар әртүрлі ұлттардың ұлттық тағамдарын танып, сұрақтарға жауап беріп, шағын сыйлықтарға ие болды. Аталған ойын арқылы қатысушылар түрлі халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы білімдерін толықтырды.
Мереке соңында бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері бірігіп, «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты достық биін орындады. Бұл көрініс достық пен бірліктің жарқын үлгісіне айналды.
Шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әр жүректе мақтаныш пен патриоттық сезім ұялатты.



