Сарыарқа ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені» атты мерекелік концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара «Сарыарқа» ауданы әкімдігі мен ардагерлер кеңесінің қолдауымен өткізіліп, оған орталықтың қызмет алушылары мен ардагерлер қоғамының мүшелері белсенді қатысты. Мерекелік кеш «Арбат» алаңында сән-салтанатымен безендірілген сахнада өтті. Концерттің ашылуында жүргізушілер жиналған қауымды Бірлік күнімен құттықтап, бұл күннің ел үшін маңызы мен мәнін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, еліміздегі татулық пен келісімнің, түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқандығы кеңінен сөз болды.

Іс-шара барысында Сарыарқа ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің төрайымы Уляш Айтмағамбетқызы құттықтау сөз сөйлеп, барша жиналған қауымға ізгі тілегін білдірді. Концерттік бағдарлама мазмұнды әрі алуан түрлі нөмірлермен жалғасты. Алғашқы болып сахна төріне шыққан Сарыарқа би тобы «Достық биін» орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әр қимылынан бірлік пен татулықтың мәні көрініс тапқан бұл би кештің шырайын аша түсті. Кеш барысында ақын, композитор Нұрболат Бекетаевтың орындауындағы «Достық үні ғасырға» әні шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Одан кейін Халықтық «Ветеран» хоры «Ақ көгершін» және «Солнечный круг» әндерін орындап, бейбітшілік пен достықтың символын әуен арқылы жеткізді.
Сонымен қатар, «Әдемі дәуір» би тобының «Калинка» биі, Ирина Сергеевнаның корей әні «Пидульгия», «Элегант-дэнс» ұжымының «Көктем вальсі» көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. «Замандастар» вокалды тобы орындаған «Астана» әні елордаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Кештің ерекше сәттерінің бірі – «Kerbez models» ересек модельдер тобының сән көрсетілімі болды. Олар Хайролла Абишевтің «Зере» коллекциясын ұсыну арқылы ұлттық киімдердің әсемдігін заманауи үлгіде паш етті. Бұл топтың халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, «Гармония здоровья» тобының «Весенний фитмикс» композициясы салауатты өмір салтын насихаттап, көрерменге ерекше серпін берді. Рауза Набиуллинаның орындауындағы «Колокольчики» әні, «Гаухартас» би тобының көңілді көрінісі, «Шұғыла» би тобының өзбек биі, «Сарыарқа» вокалды тобының «Казахстан – наш общий дом» әні концерттің мазмұнын байыта түсті.
Қорытынды бөлімде «Әдемі дәуір» би ұжымы «Ландыши» биін ұсынып, мерекелік кештің көркін аша түсті. Ал финалда «Замандастар» вокалды тобының орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әні шырқалып, көрермендерге ерекше рух пен патриоттық сезім сыйлады. Шара соңында барлық қатысушылар сахнаға жиналып, естелік суретке түсіп, мерекелік кеш көтеріңкі көңіл-күймен қорытындыланды.



