Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Елордамыздағы аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруға, денсаулығын нығайтуға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының құрылғанына бес жыл толады. Халықаралық қарттар күні қарсаңында осы айтулы датаға орай Қ. Қуанышбаев ат. театрының алаңында «Қарттарым – асыл қазынам!» атты ауданаралық мерекелік флешмоб өтті.
Бес жыл ішінде орталық елорданың алты ауданындағы қазыналы қариялардың басын қосып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне, денсаулығын күтіп, өнермен айналысуына мүмкіндік беретін маңызды ортаға айналды.
Мерекелік шара ұлттық өнердің символы – домбыра күйшілерінің шеруімен басталды. Есіл, Нұра, Байқоңыр және Сарайшық аудандарынан келген 50-ге жуық домбырашы ата-әжелеріміз Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындап, көрерменге ұлттық өнердің құдіретін сезіндірді.
Флешмоб барысында орталық жұмысының негізгі бағыттары өнер, білім, денсаулық, шығармашылық және достық арқылы көрініс тапты. «Сарыарқа» би тобының «Рух» биі ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптесе, сән көрсетілімінде қазақтың дәстүрлі киім үлгілері таныстырылды.
Сахна төрінде «Әлемді таң қалдырған қазақ әжелері», «KERBEZ MODELS», «Ақ бата», «Алтын мұра» модельдік ұжымдары мен «Еңбек терапиясы» бағытының қатысушылары өнер көрсетіп, ұлттық нақыштағы киімдерді көпшілік назарына ұсынды. Әсемдік пен сымбатты, ұлттық болмыс пен заманауи көзқарасты үйлестірген аға буын өкілдерінің шеруі ерекше әсер қалдырды.


Орталықтағы маңызды бағыттардың бірі – білім мен даму. Қариялар шет тілдерін меңгеріп, цифрлық сауаттылығын арттырып, зияткерлік ойындар мен түрлі танымдық шараларға белсенді қатысып келеді. Флешмобта «Сыр сандық», «Зияткерлік», «Қазақ интеллигенциясы» топтарының өкілдері осы бағыттың мазмұнын таныстырды.
«Денсаулық – басты байлық» ұстанымы да мерекелік бағдарламадан кең орын алды. Скандинавиялық жүріс, цигун, айкүне және оңалту гимнастикасымен айналысатын зейнеткерлер белсенді қимыл-қозғалыстың адам өміріндегі маңызын көрсетті. Барлығы 120-ға жуық аға буын өкілі сауықтыру бағыттары бойынша өз өнерлері мен белсенділіктерін паш етті.
Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Қара жорға» биі де мерекелік кештің көркін қыздырды. Есіл, Байқоңыр, Нұра және Сарайшық аудандарының бишілері бір сахнада бас қосып, көпшілікпен бірге бой сергітті.
Шараның басты ерекшелігі – әр ауданның жеке өнерін ғана емес, барша қатысушының ортақ мақсат пен ортақ құндылық төңірегінде бірігуі болды.
«Бес жыл – бес белес! Бес жыл – өнер! Бес жыл – білім! Бес жыл – шығармашылық! Бес жыл – денсаулық! Бес жыл – достық! Бес жыл – белсенді өмір!» деген ұран мерекелік флешмобтың негізгі идеясын айқындады.


Бес жыл ішінде «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» аға буын өкілдерінің өмірін мазмұнды әрі белсенді етуге бағытталған түрлі үйірмелер мен сауықтыру, шығармашылық және білім беру бағыттарын қалыптастырды. Орталықтың әр ауданындағы қариялар өз қызығушылығына қарай өнермен айналысып, спортпен шұғылданып, білімін жетілдіріп, жаңа достар табуда.
Бүгінде елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына 22 мыңнан астам зейнеткер келеді, олар 20-дан астам түрлі әлеуметтік қызмет түрлерін алып жүр.
Мерекелік шараға Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Сарайшық, Нұра және Есіл аудандарынан жалпы 400-ге жуық зейнеткер қатысты.
Ауданаралық флешмоб аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын дәріптеп қана қоймай, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізудің, достық пен бірлікті нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.