15 маусым – Қарт адамдарға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық туралы ақпарат таратуға арналған дүниежүзілік күн. Бұл күннің мақсаты – қоғам назарын қарттарға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік мәселелеріне аударып, олардың құқықтарын қорғаудың маңызын насихаттау. Осыған орай Сарайшық және Алматы аудандарына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.

Алматы ауданында ұйымдастырылған ішараға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафин М.К., аудандық Полиция басқармасының аға инспекторы А.Н.,Шаримбекова, Есіл ауданы Полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Б. Камалиев, орталық директоры С.Ж. Қарабатыров және Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.С. Іргебаев қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға қауіпсіздік шаралары, құқықтық қорғаныс және алаяқтықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сарайшық ауданындағы кездесуге Қалалық ардагерлер кеңесінің кеңесшісі Айтжан Ыдырысұлы, аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Дастан Тағатұлы, Сарайшық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Омархан Тайшықұлы және төраға орынбасары Жазыкен Қалиұлы қатысып, қарттардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Кездесулер барысында қарт адамдарға құрмет көрсету, олардың құқықтарын сақтау және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу жөніндегі үндеу оқылды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, пайдалы мәліметтермен танысты. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін Сарайшық ауданы полиция қызметкерлеріне аудандық Ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттары табысталды. Осындай кездесулер қарттардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы сыйластық пен қамқорлық құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.



