Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Бүгін Ботаникалық саябақта Қарттар күніне орай «Әр қадам ұзақ ғұмырға жетелейді» атты тақырыпта скандинавиялық серуеннен марафон өтті. Іс-шара Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен өтіп, марафонға елордалық 200 зейнеткер қатысты. «Бізде кәрілік деген жоқ. Заманымызға қарай аман-сау болып, халыққа өзіміздің шамамыз келгенше қызметімізді көрсету мәселесі.

Біздің орталықтарға күніне 3500-ден астам адам келеді. Оларға қоятын мақсатымыз — әдемі қартаю. Елордамыз уақыт өткен сайын көркейіп жатыр, сол секілді біз де әдемі болып, денсаулығымызды күту. Денсаулығын күтуге үйрету. Олар тек спортпен шұғылданумен шектелмейді. Сондай-ақ зейнеткерлер орталықта тіл үйренеді, ән-би үйірмелеріне барады», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.

Марафонның мақсаты – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушы зейнеткерлері өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға және әдемі қартаюға шақыру. Марафонның шарты бойынша ер адамдар 3,4 км, ал әйел адамдар 1,7 км арақашықтықты скандинавиялық таяқшалардың көмегімен жүріп өту керек еді. Зейнеткерлерді марафонға дайындап жаттықтырған білікті жаттықтырушылар Толғанай Бейсембаеваның, Марат Сәрсембаевтың, Кама Исенованың және жас мамандар Айғазы Қанжан мен Мұстафа Махамбетұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Спорттық іс-шараны өткізуге «BI Group» құрылыс компаниясы, «Нұра» ауданы әкімінің аппараты, Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ қолдау көрсетті. Марафонда 63 жастағы Назыгүл Тұңғышбаева бірінші болып мәре сызығына келді. Іс-шара соңында жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен мадақтау қағаздары табысталды.