Ресей ғылым және мәдениет орталығында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының халықтық «Ветеран» хорының жеке шығармашылық концерті өтті. Хор жетекшісі – Галина Ивановна. Концерт барысында ұжым орыс және қазақ халық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әрбір музыкалық шығарма көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, залда ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды. Өнерпаздардың орындау шеберлігі мен сахна мәдениеті көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

Сонымен қатар, кешке «Әдемі дәуір» би тобы қатысып, өздерінің көңілді әрі әсерлі билерімен көрермендерді тәнті етті. Бишілердің үйлесімді қимылдары мен жарқын образдары концертке ерекше көрік берді. Алматы ауданының «Ел Орда» вокалды ансамблі қазақтың ескі, ел жүрегінен орын алған халық әндерін орындады. Ансамбльдің орындауындағы әндер көрермендерді өткен күндердің әдемі естеліктеріне жетеледі.

Концерт бойы көрермендер әндерге қосылып, би билеп, өнерпаздарға ерекше қошемет көрсетті. Залда отырған қонақтар концерттен зор рухани әсер алып, көтеріңкі көңіл күйде болды. Кеш соңында көрермендер ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.



