Бүгін Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Кітап апталығының ашылуына арналған мазмұнды іс-шара өтті. Кездесу барысында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы пікір алмасып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларынан үзінділер оқыды.
Шара аясында ұйымдастырылған викторина көпшілік тарапынан қызығушылық тудырып, қатысушылар белсенділік танытты. Сонымен қатар, аудиокітаптардың ерекшеліктері таныстырылып, олардың заманауи әрі қолжетімді оқу форматы екені атап өтілді. Зейнеткерлер аудиокітаптың уақытты үнемдеуге және кез келген жерде тыңдауға мүмкіндік беретін артықшылықтарымен танысты.

Апталық аясында кітап алмасу дәстүрін дамытуға бағытталған бастамалар да ұсынылды. Бұл өз кезегінде оқырмандар арасында байланыс орнатып, кітапқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Шара барысында Сансызбай Мұқанов «Ерекше сөздік» атты еңбегін орталыққа тарту етіп, игі бастамаға қолдау көрсетті.
Кітап – рухани байлықтың қайнар көзі, білімнің шамшырағы. Осындай тағылымды шаралар оқу мәдениетін нығайтып, қоғамның рухани дамуына серпін береді. Баршаңызды Кітап апталығына белсенді қатысуға шақырамыз!



