Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Кербез» модельдер тобы Қытай Халық Республикасында өткен халықаралық мәдени-өнер фестивалінде Қазақстанның ұлттық мәдениетін лайықты таныстырып, Алтын жүлдені жеңіп алды.

2026 жылғы 9–14 маусым аралығында Үрімжі қаласында өткен «Le Dance World – Шыңжаң «Тяньшань кубогы» халықаралық мәдени-өнер алмасу фестивалі» аясындағы «Лэуэ Шицзянь» әдеби-мәдени фестиваліне 65 жастан асқан өнерпаздардан құралған «Кербез» модельдер тобы қатысты. Фестивальдің негізгі мақсаты – әртүрлі елдердің мәдениеті мен өнерін насихаттау, шығармашылық ұжымдар арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу

Фестиваль барысында «Кербез» модельдер тобы қазақтың ұлттық киімдерін сән-салтанатымен таныстырып, көрермендер мен халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ұлттық киімдердің әсемдігі мен қазақ халқының бай мәдени мұрасы Қытай және өзге елдерден келген қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызып, зор қошеметке бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша «Ұлттық киімдер көрсетілімі» бағдарламасында «Кербез» модельдер тобы халықаралық қазылар алқасының шешімімен Алтын жүлдемен марапатталды. Марапаттау рәсімі 2026 жылғы 11 маусымда өтті.

Сонымен қатар, фестиваль ұйымдастырушылары Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени достықтың белгісі ретінде ұжымға естелік ту табыстады. Ондағы «Екі ел – бір жүрек, өнер жолында бірге, бір сахнада би билеп, достықтың жарқын парағын жазайық!» деген ізгі тілек екі халық арасындағы мәдени байланыс пен өзара достықтың маңызын айқындай түсті.

Өз кезегінде «Кербез» модельдер тобы қазақ халқының қонақжайлық дәстүрін насихаттап, фестиваль ұйымдастырушылары мен жетекшілеріне қазақы дәстүр бойынша шапан жауып, ұлттық сый-сияпаттарын ұсынды. Бұл игі дәстүр шетелдік қонақтардың ерекше ықыласына ие болды.

Халықаралық фестивальдегі жарқын жетістік қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің әлемдік деңгейде кеңінен танылып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жеңіс еліміздің мәдени мұрасын дәріптеумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нығаюына да өз үлесін қосты.

Фестивальдегі жоғары өнер көрсетілімі мен халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасының нәтижесінде Астана қаласы әкімдігінің Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Кербез» модельдер тобы 2026 жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының Чжухай қаласында өтетін халықаралық өнер сапарына ресми шақырту алды.