Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Келін – қайын ененің топырағынан» атты тағылымды сайыс өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мерекелік шараға орталыққа келуші зейнеткерлер мен өнерүйер қатысты.
Сайыс отбасындағы сыйластық пен татулықты насихаттауды мақсат етіп, келін мен ененің жарасымды қарым-қатынасын көпшілікке үлгі етті.
Мерекелік кеш сайыс форматында ұйымдастырылып, сахна төрінде келіндер енелерімен жұптасып өнер көрсетті. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, отбасы құндылықтары туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, ұлттық тағам түрлерін дайындап әкеліп, шеберліктерін паш етті.

Сайысқа Шалмановтар, Байқоңыровтар, Сүйінбай және Табеевтер отбасы қатысып, өз өнерлері мен татулығын таныта білді. Қатысушылар «Кім жылдам?», «Сәйкестік ойыны», «Салт-дәстүрді білесің бе?», «Мақалды жалғастыр» секілді қызықты кезеңдер бойынша бақ сынасты.
Салт-дәстүрге арналған викториналық жарыста Шалмановтар отбасының келіні зеректігімен көзге түссе, отбасылық сәйкестікті анықтайтын кезеңде Сүйінбай мен Табеевтер отбасының жауаптары дәл келіп, олардың өзара түсіністігі мен ынтымағы көрінді.
Өнер байқауында Байқоңыровтар отбасы қолөнер бұйымдарын таныстырып, өлең оқыса, Табеевтер отбасының музыкалық номері көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Ал ұлттық тағам сайысында қатысушылар үйден әзірлеп әкелген тағамдарын қазылар алқасына ұсынып, қазақтың дастархан мәдениетін көрсетті.
Сайысқа қатысқан әр отбасы өздерінің өнерлі, өнегелі, ұлттық салт-дәстүрді құрметтейтін жанұя екенін дәлелдеді. Қазылар алқасының шешімімен төрт жұп келесі қалалық кезеңге жолдама алды. Барлық қатысушыларға мадақтау қағаздары табысталып, сый-сияпат жасалды.

Мерекелік кеш барысында зейнеткерлерден құралған «Замандастар» тобы әсем әндер орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал скандинавиялық серуен тобының өнерпаздары «Қара жорға» биін билеп, кештің сәнін арттырды.
«Бүгінгі іс-шара ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, аналарды ұлықтап, оларға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Әйелдер мерекесі қарсаңында тамаша өнер мен өнеге кешінің куәсі болдық» — деп ой түйіндеді Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұргүл Талғатқызы.



