Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Үндістан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің бірінші хатшысы Хотилал мырза мен Үнді мәдени орталығының жетекшісі мисс Налини Сингхалдың қатысуымен йогадан шеберлік сабағы өтті.
Сабақ барысында қатысушылар түрлі тыныс алу жаттығуларының техникасымен танысты. Хотилал мырза тыныс алу әдісін түсіндіріп, оның әр кезеңін көрсетіп берді. Бұл тәсіл адамның ішкі үйлесімге жетуіне, зейінді арттыруына және жалпы денсаулық пен эмоционалдық күйін жақсартуға ықпал етеді.

Іс-шара жылы, әрі рухани атмосферада өтті. Қатысушылар шеберлік сабағынан кейін өздерін сергек, жеңіл әрі сенімді сезінгендерін айтып, йоганың денсаулық пен жан тыныштығына тигізер пайдасын өз тәжірибелерінде сезінгендерін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында Үндістаннан келген қонақтар Нұра бойынша БҰӨСО-ның тынысымен танысты.
Кеш соңында Орталық директоры Серік Қарабатыров Елшіліктен келген қонақтарға пайдалы дәрісі үшін алғысын білдіріп, зейнеткерді сауықтыру сабақтарына үзбей қатысуға шақырды.



