Есіл ауданының зейнеткерлері Астана қаласының ардагерлер ұйымымен бірлесіп «Кітап акциясын» ұйымдастырды.
Бұл шара қала тұрғындарының кітап мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, әдебиет пен білімге деген құрметті насихаттауға бағытталды.

Кітап акциясының ашылу салтанатында «Есіл» аудандық БҰӨСО басшысы Жанар Есенаманова сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның модераторы болған ардагер журналист Қарлығаш Бәкенқызы шараға қатысушыларды бағдарламамен таныстырды.
Аудандық ардагерлер ұйымының басшылары, елордалық журналистер, қалалық орталық кітапхананың әдістеме бөлімінің өкілі Сағыныш Сейдахметова және басқа да қоғам қайраткерлері әдеби шараның қонағы болды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары М.С. Иргибаев ардагерлердің кітап мәдениетін дамыту жолындағы жұмыстары туралы сөз сөйлеп, маңызды бастамаларға тоқталды.
Кеш барысында Еркін Дәуешовтің шығармашылығына қатысты мәліметтер ұсынылып, арнайы тұсаукесер рәсімі өтті.

БҰӨСО-ның директоры Мұхтар Дүйсенұлы жазушыны кітаптың тұсау кесерімен құттықтап, оған шығармашылық табыстар тіледі.
Сонымен қатар, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің өнерпаз студенттері концерттік бағдарлама ұсынып, «Бозторғай ана», «Бір шәугім шай», «Журавли» және «Атамекен» әндерін орындады.
Кеш соңында жиналғандар өз пікірлерін білдіріп, кітап мәдениетін насихаттау қажеттілігін айтты.
Іс-шара әдебиет сүйер қауымды ерекше әсерде қалдырды.




