29 сәуір күні Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен «Жетісу» саябағында Халықаралық би күні мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ауқымды мәдени іс-шара өтті. Ашық аспан астында өткен мерекелік кешке орталықтың қызмет алушы зейнеткерлері мен қала тұрғындары қатысып, ерекше әсер алды.

Шара «Жаңа толқын» би клубының орындауындағы «Ақмаржан» қазақ биімен басталды. Ұлттық нақыштағы әсем қимылдар көрермендердің көңілін бірден баурап, кештің ажарын аша түсті. Мерекелік бағдарлама барысында түрлі халықтардың би өнері кеңінен насихатталды. «Ханшайым» тобы испанның жалынды «Гитана» биін билеп, көрермендерге ерекше эмоция сыйлады. Ал «Ай би» тобы түрік халқының «Халай» биін орындап, шығыс мәдениетінің көркемдігін көрсетті.
Кеш барысында тарихи маңызы бар «Яблочко» биі ұсынылып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы теңізшілердің ерлігі мен қайсарлығын бейнелеген әсерлі қойылым ретінде көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар, «Би сазы» тобы классикалық «Падеспань» биін орындап, өнердің нәзік әрі көркем үлгісін паш етті. Әртүрлі ұлт мәдениетін дәріптеген «Шабыт» тобының «Хора» еврей биі, «Ханшайым» тобының «Настроение» ритмдік биі және «Ай би» тобының «Кантри» вальсі кештің мазмұнын байыта түсті. «Жаңа толқын» клубының «Толқын ырғағы» биі көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, спорт пен өнерді үйлестірген «Ретро стильдегі спорттық би» де көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Кеш соңында барлық қатысушы өнерпаз ата-әжелер мен көрермендер «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты дәстүрлі патриоттық челлендж аясында ұйымдастырылған флешмобқа қатысып, бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті. Орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Аталған кеш елорданың мәдени өміріне серпін беріп, түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымағын нығайтқан тағылымды кеш ретінде есте қалды.



