Алматы, Есіл, Байқоңыр және Сарайшық аудандары бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында «Белсенді Азамат» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қоғамдық бақылау мен қоғамдық сараптаманы дамыту» жобасы аясында фокус-топтық кездесулер өтті.
Кездесулерге әртүрлі салада еңбек еткен, кәсіби және өмірлік тәжірибесі мол, қоғамдық өмірге белсенді араласатын аға буын өкілдері қатысты. Қатысушылар әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы, тұрғындардың әлеуметтік жобалар туралы ақпараттандырылуы және қоғамдық бастамаларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Талқылау барысында зейнеткерлер әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттыру, халықтың қажеттіліктерін ескеру және тұрғындармен өзара байланысты жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді. Қатысушылардың пікірлері мен тәжірибесі әлеуметтік жобаларды одан әрі жетілдіруге бағытталған талдамалық қорытындылар мен ұсынымдар әзірлеу үшін пайдаланылмақ.
Сонымен қатар, «Белсенді Азамат» қоғамдық қоры Астана қаласының Қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ашық әңгіме форматында өтетін кездесулерде Қоғамдық кеңестің қызметі, қаралатын мәселелер және тұрғындардың қала өміріне қатысу, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіру мүмкіндіктері талқыланады. Кездесуге 35–40 адам қатысады деп жоспарлануда.
Фокус-топтық талқылауларға 15–20 адам қатысады. Жоба Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.



