Елордалық зейнеткерлер көктемнің алғашқы мерекесіне орай екі буын өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырды. Ұрпақтар сабақтастығы аясында Жоғары көлік және коммуникация колледжі мен Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесіп, 1 наурыз — Алғыс айту күніне арналған әсерлі кеш өткізді.
Іс-шараның мақсаты — екі буын арасындағы рухани, мәдени әрі шығармашылық байланысты сақтау және дамыту, өзара құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Концертті колледж директоры Бірлік Қапезов құттықтау сөзбен ашып, Алғыс айту күнінің бірлік пен ризашылықтың символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев сөз сөйлеп, ұрпақтар арасындағы өзара ықпалдастық пен рухани байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін колледж ұжымына алғыс білдірді. Ол Орталық директоры Серік Қарабатыровтың атынан алғыс хат табыстады.
Мерекелік кештің құрметті қонағы ретінде орталықтың қызмет алушысы, ардагер теміржолшы Бекболат Махметов қатысып, ақжарма тілегін жеткізді.
Концерттік бағдарлама барысында жас буын аға буынға арнап өнер көрсетті. Ұлттық әндер шырқалып, көркем би композициялары орындалды. Зейнет жасына жеткен қатысушылардан құралған «Әгугай» этно-фольклорлық ұлттық аспаптар ансамблінің өнері көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Ансамбль мүшелері ұлттық аспаптарды шебер меңгеріп, өнерлерінің жаңа қырын танытты.

Скандинавиялық серуен бойынша спорттық композиция көпшіліктің қызығушылығын арттырса, «Кербез» ерлер модельдерінің дефилесі жастардың ерекше ықыласына ие болды.
Кеш соңы түрлі этнос өкілдерінің билерінен құралған «Достық биімен» қорытындыланды. Шараның шарықтау шегінде жас және аға буын өкілдері бірлесіп «Атамекен» әнін орындап, мерекелік кешке айрықша жылылық пен мән үстеді.

«Бүгін ұрпақтар сабақтастығы аясында өткен мерекелік концерт барша жиналған қауымға рухани серпіліс сыйлады деп сеніммен айта аламын. Концерттік бағдарламадағы шығармашылық нөмірлер арқылы көпэтносты халықтың достығын, елдегі сыйластық пен өзге мәдениетке деген құрметті айқын көрдік. Орталық зейнеткерлері жастарға үлгі болудың жарқын көрінісін көрсетті», — деп сөзін түйіндеді бөлім басшысы Кенжеболат Сапарұлы.
Мазмұнды әрі тағылымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлады.



