Бүгінде Анар Байсарина Нұра ауданындағы Әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде әлеуметтік қызметкер ретінде абыройлы еңбек етіп келеді. Ол орталықтағы қызметін 2022 жылы бастап, аз уақыт ішінде өз ісінің білікті маманы екенін дәлелдей білді.
Анара Болатқызы қызмет алушы зейнеткерлерді әрдайым жылы жүзбен қарсы алып, оларға қажетті қызмет түрлерін таңдауға жан-жақты көмектеседі. Оның іскерлігі мен адамгершілік қасиеттері Орталыққа келген әрбір жанның көңілінен шығуда.
Маман ҚазГЮУ университетінің түлегі, негізгі мамандығы – психолог. Бұл білім оған егде жастағы азаматтардың жан дүниесін терең түсінуге мүмкіндік береді. Еңбек жолын халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында бастаған Анар Байсаринаның осы салада қызмет етіп келе жатқанына 17 жыл болған.
– «Мен орталыққа келген әрбір адамды қарсы алып, мекеменің қызметі мен ішкі тәртіп ережелері туралы толық ақпарат беремін. Құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, деректерді базаға енгіземін. Сонымен қатар, шағын экскурсия жасап, орталықтың жұмысымен таныстырамын», – дейді әлеуметтік қызметкер Анар Болатқызы.
Оның айтуынша, орталықта күн сайын орта есеппен 10–15 жаңа қызмет алушы тіркеледі. Ал жалпы келушілер саны күнде 200-ден асады.
Әлеуметтік қызмет – үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті талап ететін сала. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген Анар Байсарина сынды мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.




