Бүгін Нұра ауданы бойынша қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – зерттеу нысаны ретінде» атты танымдық конференция өз мәресіне жетті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» 6 ауданынан келген қызмет алушылар қатысты.


Конференцияның шымылдығын Нұра ауданы қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Шамшидин Нағима Қалжабекқызы ашып, қатысушыларды құттықтап, Абай шығармашылығының мәні мен бүгінгі қоғамдағы маңызы туралы толғамды ой айтты.

Конференцияда келесі тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасалды:
– Абай шығармашылығындағы ұлттық идея
– Қара сөз – қазақ философиясының негізі
– Абай және әлем әдебиеті
– Абай мұрасын қазіргі қоғамда пайдалану
– Абай – тәлімгер, ұстаз ретінде


Қатысушылар ұлы ақынның рухани мұрасына терең үңіліп, бүгінгі күнмен байланысын кеңінен талқылады. Баяндамалар тыңдалып, Абай өлеңдері оқылып, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.



