Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Елордада Гедеон Рихтер ұйымдастырған денсаулық марафонына Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушы 16 зейнеткері қатысты.
Астанадағы Ботаникалық бақта егде жастағы азаматтарға арналған «Денсаулық жолы: жүрек пен ми саулығы» атты скандинавиялық жүріс марафоны Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Марафонның басты мақсаты — жүрек-қан тамырлары ауруларының, неврологиялық аурулар мен когнитивтік бұзылулардың алдын алуға және оларды ерте анықтауға қоғамның назарын аудару.
Қатысушылар арнайы әзірленген қауіпсіз маршрут бойымен жүріп өтті. Оларға волонтерлер мен кардиолог дәрігерлер қолдау көрсетті.
Скандинавиялық жүріс — әсіресе егде жаста ең қолжетімді әрі қауіпсіз дене белсенділігі түрлерінің бірі. Ол денедегі бұлшықеттердің 90%-ына дейін іске қосып, буындарға түсетін салмақты азайтады және жүрек-қан тамырлары жүйесін тиімді жаттықтырады.
Күніне кемінде 30 минут белсенді қимыл жасау денсаулыққа төнетін көптеген қауіптерді азайтады, көңіл-күйді, мидың жұмысын және жалпы әл-ауқатты жақсартады.
Марафонның «Денсаулық жолы: жүрек пен ми саулығы» деп аталуы да тегін емес: мұнда жылдамдық немесе рекордтар маңызды емес, басты жеңіс — өз денсаулығыңызға деген қамқорлық.
«Денсаулық жолы» марафоны денсаулыққа көңіл бөлу мен белсенді өмір салтының маңызын еске салған нағыз саналы өмір салты мерекесіне айналды.