Денсаулық сағаты аясында зейнеткерлердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және белсенді ұзақ өмір сүруді насихаттау мақсатында «Шаңғы тебу – физикалық белсенділіктің қолжетімді түрі» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Шаңғы тебуден Сарыарқа ауданының дене шынықтыру инструкторы Марат Сарсембаев сабақ жүргізді. Іс-шараға Сарыарқа ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» скандинавиялық серуендеу тобының мүшелері мен жаттығу залының қызмет алушылары қатысты.
Қыс мезгілінің қолайлы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қатысушылар шаңғы тебудің негізгі әдістерімен танысты. Сабақ барысында шаңғы тебу кезіндегі қозғалыс техникасы мен қауіпсіздік шаралары жан-жақты түсіндірілді. Дұрыс тыныс алу, дене салмағын тепе-тең ұстау, көтерілу және еңіс жерлерден түсу әдістері тәжірибелік түрде көрсетілді.Сонымен қатар, скандинавиялық серуендеудің артықшылықтары баяндалып, арнайы таяқшаларды пайдалану арқылы дұрыс қимыл-қозғалыс жасау тәсілдері ұсынылды. Зейнеткерлер белсенді түрде қатысып, серуендеудің денсаулыққа ғана емес, көңіл-күйге де оң әсер ететінін атап өтті.



