Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Астана қаласының Әкімдігіне қаарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев ел дамуына өз үлесін қосқан көрнекті тұлға. Еңбек пен қоғамдық өмірдің әр кезеңінен ар-намыспен өтіп, қажырлы жол жүріп өткен азамат.

Отан алдындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Құрмет» ордені, «Құрмет белгісі» ордені, мемлекеттік және мерейтойлық медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев өз өмірін Тәуелсіз Қазақстанға арнады.

Мұхтар Еркетаев еңбек жолын бұрынғы Алексеев, қазіргі Ақкөл ауданына қарасты «Ивановский» кеңшарында механизатор болып бастаған.

Мұхтар Дүйсенұлының екі жоғары білім бар, ол  1978 жылы Алматы Жоғары партия мектебін (АЖПМ), 1986 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Аграрлық университетті тәмамдаған.

Үлкен өмірлік тәжірибесі, жоғары жауапкершілігі мен адалдығының арқасында Мұхтар Еркетаев қай салада еңбек етсе де, абырой биігінен көрініп, межеленген мақсаттарға табандылықпен жете білді.

1998 жылы Мұхтар Еркетаев Астана қаласының жаңадан құрылған «Алматы» ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. Мұхтар Дүйсенұлының жетекшілігімен аудан әкімінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін білікті, еңбекқор әрі жауапты мамандардан құралған аппарат жедел түрде жасақталды.

Оның мол тәжірибесі, жоғары ішкі мәдениеті, адамдарға деген ілтипаты мен құрметі Мұхтар Дүйсенұлына елордалықтардың зор сенімі мен қолдауына ие болуына себеп болды. Бұл адами қасиеттері басшылық тарапынан да ескеріліп, оң бағасын алды.

2000 жылдың наурыз айынан бастап ол Астана қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, кейін аппарат басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2002 жылдың қыркүйегінде Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары, сол жылдың қазанында – Астана қаласының Ішкі саясат департаментінің директоры болып тағайындалды.

Бұл кезеңде Мұхтар Еркетаев елордадағы ішкі саясат саласын тиімді басқарып, бірқатар маңызды мемлекеттік және саяси іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді.

2003 жылдың тамыз айында Астана қаласы әкімінің шешімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев елордадағы «Алматы» ауданының әкімі болып тағайындалды. Аудан әкімі ретінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.

Осы кезеңде Мұхтар Дүйсенұлының ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеті барынша ашылып, елді соңынан ерте білетін, ұжымдарды жұмылдыра алатын басшы ретінде танылды. Астана қаласының көркеюі жолында аянбай еңбек етті.

2007 жылдың қаңтарында «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық жалпы конференциясында Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев партияның Астана қалалық филиалының төраға орынбасары болып сайланды.

Мұнда да Мұхтар Дүйсенұлы шексіз энергиясымен партия қатарларын нығайтуға және олардың рөлін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды ұйымдастырды. Қаланың сайлаушыларымен мақсатты жұмыс жүргізіліп, Парламент, Президент және қалалық Мәслихат сайлауларына қатысу деңгейі жоғары деңгейге көтерілді.

Астана қаласының және аудандар әкімдіктеріндегі жұмыс жылдары ішінде Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев адал, жауапты және жанқияр еңбегі арқасында әріптестері мен қалалық белсенділер арасында үлкен беделге ие болды және құрметке бөленді.

2015 жылдан 2022 жылға дейін Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Қазіргі уақытта Мұхтар Дүйсенұлы Астана қаласы зейнеткерлерінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын басқарады, бұл Орталық оның тікелей басшылығымен табысты жұмыс істеуде.

Еркетаев Мұхтар Дүйсенұлы 1945 жылдың 1 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы Қызылтаң ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында дүниеге келген, Еркетаевтар әулетінің тұңғыш ұлы.

Мұхтар Дүйсенұлы мектепті үздік тәмамдаған, спортты өзіне серік еткен азамат, жеңіл салмақтағы «КСРО спорт шебері».

Мұхтар Дүйсенұлының құдай қосқан жары – Бахытжамал Ахметова. Бахытжамал Байзұллықызымен  55 жыл бірге өмір сүріп, үш бала тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде немерелері Малика, Жамиля, Даяна, Амира, Мадияр, Рахманәлі және Рауанның қызығын қызықтауда.

Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаевтың өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі!

 

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АҚПАРАТТЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУ БӨЛІМІ