Қазан айының соңғы жексенбісінде елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл күн – халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың өмір сапасын арттыруға және оларға жан-жақты көмек көрсетуге үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін дәріптейтін ерекше күн.
Кәсіби мереке қарсаңында елордадағы «Жанұя» орталығында салтанатты жиын ұйымдастырылып, әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында үздік қызметкерлерге алғыс хаттар, құрмет грамоталары мен дипломдар табысталып, олардың кәсіби жетістіктері атап өтілді.

Марапат иелерінің қатарында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының отызға жуық қызметкері бар. Олардың бірқатары Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен, Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталса, тағы бірқатарына орталық директоры Серік Жолаушыұлының атынан құттықтаулар мен марапаттар табысталды.
Сонымен қатар, орталық қызметкерлері спартакиадада I орынға ие болып, спорттық бәсекеде де жоғары нәтиже көрсетті.
Салтанатты жиын әлеуметтік сала мамандарының қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға болып, мерекелік көңіл-күймен қорытындыланды.



