Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Қарттар айлығы аясында Астана қаласының белсенді зейнеткерлері арасында ауданаралық спорттық спартакиада өтті. Жарыс 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылып, аға буын өкілдерінің басын спорт алаңында қосты.
Спартакиада «Сарыарқа» және «Алматы» аудандарының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының ұйымдастыруымен өтті. Шараның басты мақсаты – зейнеткерлердің денсаулығын нығайту, дене белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт арқылы достық қарым-қатынасты нығайту.


Жарысқа қаланың алты ауданынан 65 жастан асқан зейнеткерлерден құралған командалар қатысты. Атап айтқанда, Алматы ауданынан – «Қыран», Байқоңыр ауданынан – «Самұрық», Есіл ауданынан – «Есіл жүрегі», Нұра ауданынан – «Қуат», Сарайшық ауданынан – «Супер стар» және Сарыарқа ауданынан «Сарыарқа» командалары өзара бақ сынады.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, барша командаға сәттілік тіледі. Ол мұндай спорттық шаралардың егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне, денсаулығын күтуіне және өзара тәжірибе алмасуына ықпал ететінін атап өтті.
Жарыс бағдарламасына эстафеталық сайыстар, асық ату, арқан тарту және басқа да спорттық ойындар енгізілді. Қатысушылар ептілік пен шапшаңдықтарын, күш-жігері мен төзімділіктерін көрсетіп, командалық ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Әр сайыста спортшылар бір-біріне қолдау көрсетіп, көтеріңкі көңіл күйде өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Сарыарқа ауданының «Сарыарқа» командасы иеленді. Екінші және үшінші орындарды Алматы мен Есіл аудандарының командалары өзара бөлісті. Сонымен қатар қатысушыларға арнайы номинациялар бойынша марапаттар табысталды.

Ауданаралық спартакиада – жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелмейтін, аға буын өкілдерінің өмірге деген құлшынысын арттырып, спортқа қызығушылығын оятатын маңызды шара. Осындай басқосулар зейнеткерлердің белсенді өмір салтын ұстануына жол ашып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.