Астанада Қарттар күні қарсаңында аға буын өкілдерінің шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталған «Әсем қимыл – әдемі ғұмыр» атты би фестивалі өтті. Фестивальді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды. Шараға елорданың Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа, Сарайшық және Нұра аудандарының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімдерінен қызмет алушы зейнеткерлер қатысып, би өнеріндегі шеберліктерін ортаға салды. Фестивальдің басты мақсаты – аға буын арасында би терапиясын насихаттау, белсенді ұзақ өмір салтын қалыптастыру, дене және менталдық денсаулықты нығайту, шығармашылық әлеуетті дамыту және қатысушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Өнер мерекесінің шымылдығын Нұра ауданының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің шығармашылық ұжымдары – «Қыздарай» халықтық ансамблі мен «Аңыз» хореографиялық би ансамблі ашты. Кеш барысында алты ауданның өнерпаздары көрермендерге сан алуан би жанрларын ұсынды. Алматы ауданының «Салтанат» би тобы вальс орындаса, Байқоңыр ауданының «Інжу Дэнс» тобы жалынды «Испан» биін сахналады. Есіл ауданының «Жаңа толқын» би клубы қазақтың ұлттық би өнерін «Ақмаржан» қойылымы арқылы таныстырды. Сарыарқа ауданының би ұжымы «ABYROY» тобының «Рух» әніне қойылған аттас биімен көрерменге күш-жігер мен өмірге деген құштарлықты жеткізді. Сарайшық ауданының «Сымбат би» тобы Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» шығармасының әуенімен «Киіз басу» қазақ биін орындап, ұлттық дәстүрдің көркем көрінісін ұсынды. Фестиваль бағдарламасында классикалық және заманауи бағыттағы билер де кеңінен қамтылды. Алматы ауданының «Жерұйық» би тобы «Сен керексің» әніне қойылған классикалық биді орындаса, Байқоңыр ауданының «Достар» би тобы «Ақ толқын вальсімен» көрермен көңілін тербетті. Есіл ауданының «Ханшайым» би тобы «Айседора» вальсін ұсынып, Сарыарқа ауданының «Әдемі дәуір» би ұжымы елордаға арналған «Арман қала – Астана» биін сахнаға шығарды. Сондай-ақ Сарайшық ауданының «Кербез би» тобы украин халқының биін орындап, әлем халықтарының мәдениетін таныстырды. Фестивальдің қорытынды қойылымын Нұра ауданының халықтық «Қыздарай» ансамблі испан биімен аяқтады. Фестиваль соңында өнер көрсеткен қатысушылар бірнеше номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Халық биі», «Бал биі», «Заманауи би», «Әлем халықтарының билері», «Ретро-би», «Авторлық хореография» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Сонымен қатар «Ең үздік сахналық образ» сынды арнайы номинациялар бойынша да жүлдегерлер марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделер реті төмендегідей бөлінді: І орын — «Сымбат» би тобы Сарайшық ауданы; ІІ орын — «Хайшайым» би тобы Есіл ауданы; ІІІ орын — «Сарыарқа» би тобы Сарыарқа ауданы;
«Халық биі» номинациясы – «Жаңа толқын» би тобы (Есіл);
«Заманауи би» номинациясы – «Жерұйық» би тобы (Алматы);
«Әлем халықтарының билері» номинациясы – «Қыздарай» би тобы (Нұра);
«Ретро-би» номинациясы – «Аңыз» би тобы (Нұра);
«Авторлық хореография» номинациясы – «Әдемі дәуір» би тобы (Сарыарқа);
«Ең әртістік жұп» номинациясы – Наталья Мостовая мен Қанат Өмірбеков (Байқоңыр);
«Үздік сахналық образ» номинациясы –»Кербез» би тобы (Сарайшық); Көрермен көзайымы -«Салтанат» би (Алматы).

«Фестиваль барысында қатысушылар тек би шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, өнер арқылы сергектік пен көтеріңкі көңіл күйдің, достық пен белсенді өмір салтының маңызын көрсетті. Бұл ретте зейнеткерлерімізді би өнеріне баулып, сырлы өнерді насихаттап жүрген хореограф мамандар Ирина Смагулованың, Шолпан Джананбаеваның, Болатбек Сейдалиннің, Әлия Абылқасымованың және Аружан Қалмұратованың еңбектерін ерекше атап өткім келеді» — деп пікір білдірді қазылар алқасының мүшесі Нұргүл Ерзахқызы. «Әсем қимыл – әдемі ғұмыр» фестивалінің негізгі идеясы да осында: жас ұлғайған сайын өмірге деген қызығушылықтың, шығармашылыққа деген құштарлықтың және белсенді болуға деген ұмтылыстың маңызы арта түседі. Бүгінгі фестивальдің басты жетістігі – сахнадағы әсем қимыл ғана емес, аға буын өкілдерінің өнерге деген сүйіспеншілігін, өзара сыйластық пен достықты, өмірге деген құштарлығын бір арнаға тоғыстыруы болды.



