Жақында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жұмысын бастады. Атап айтқанда, Министрліктің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі IV шақырылымдағы Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Отырыста Қоғамдық кеңестің жаңа құрамының жұмыс тәртібі мен негізгі бағыттары айқындалып, министрлікпен өзара іс-қимылдың басымдықтары белгіленді.
Жаңадан жасақталған Қоғамдық кеңестің құрамына әріптесіміз, әлеуметтік саланың ардагері, Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бапишев Кенжеболат Сапарұлы да енді.
Кенжеболат Бапишев саналы ғұмырын әлеуметтік салаға арнап, осы бағытта отыз жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп келе жатқан білікті маман.
Еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастаған Кенжеболат Сапарұлы кейіннен жауапкершілігі мол әлеуметтік салаға келіп, ұзақ жылдар бойы түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарды.
Ол әлеуметтік саланың дамуына елеулі үлес қосып, өзінің еңбексүйгіштігімен, жұмысқа деген адалдығымен, төзімділігімен және мол тәжірибесімен әріптестерінің құрметіне бөленді. Кәсіби білімі мен қажырлы еңбегінің арқасында бірқатар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен, «Әлеуметтік сала үздігі» төсбелгісімен және басқа да марапаттармен наградталған.
Бүгінде Кенжеболат Бапишев зейнет жасына жетсе де, еңбек жолын жалғастырып, Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің жұмысын абыроймен басқарып келеді. Оның тәжірибесі мен кәсіби білімі әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге, азаматтардың мүддесін қорғауға және сала жұмысының одан әрі жетілдірілуіне өз септігін тигізері сөзсіз.
Қоғамдық кеңес – мемлекет, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастығы арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық алаң. Кеңес еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттік саясатты талқылауға қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен есептілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтармен кері байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Әріптесіміз Кенжеболат Сапарұлына Қоғамдық кеңес құрамындағы жұмысына сәттілік, ел игілігі жолындағы еңбегіне толағай табыс тілейміз!




