Алматы ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ардагерлер кеңесімен бірлесіп «Адал азамат» тақырыбында ақпараттық дәріс ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ішкі саясаттың негізгі бағыттары мен басымдықтарын түсіндіру, азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру және «Адал азамат» құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Дәрісті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ журналистикасының ардагері Ғалия Құсайынқызы жүргізді. Ол өз сөзінде «Адал азамат» қағидаттарының мәніне тоқталып, елдің дамуына үлес қосудағы адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерінің маңызын нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндірді. Сонымен қатар, ішкі саясаттың мақсаттарын қолдауда әрбір азаматтың белсенді ұстанымы маңызды екенін атап өтті.

Кездесуге қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Спанқұлұлы, «Алматы» ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы және «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры Серік Жолаушыұлы қатысып, тақырып аясында өз пікірлерімен бөлісті.
Дәріс барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Іс-шара зейнеткерлердің қызығушылығын тудырып, қатысушылар ұйымдастырушылар мен спикерлерге алғыстарын білдірді.



