Алматы ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен LRT пойызында қалаға танымдық саяхат өтті. Іс-шара барысында «Қаламгер» клубының мүшелері Құралай Нұрмағанова, Урманбек Тосқарин және Серік Құлмағанбет туған қалаға арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, жолаушылармен ерекше әсер бөлісті.

Клуб жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Батима Абдрахова қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың жырларын мәнерлеп оқып, қатысушылардың ықыласына бөленді.
Мәдени шараның көркін «ТАМҒА» ансамблінің өнері аша түсті. Ұлттық нақыштағы киім киген өнерпаздар қазақ халық әндері мен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мәдени саяхатқа 40-тан астам адам қатысып, ұлттық өнер мен поэзияның рухани құндылығын терең сезінді.



