Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы бірлесіп «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз, спорт – саулығымыз» атты спартакиада ұйымдастырды.
Спорттық мерекеге оңалту гимнастикасы, йога, Айкүне, скандинавиялық серуен, би, жаттығу залы және дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ФОК) бағыттары бойынша қатысушылар атсалысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық рухты нығайту және аға буын өкілдерінің белсенді әрі қызықты демалысына жағдай жасау.
Спартакиаданың салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталды. Қатысушыларға бөлім басшысы Кенжеболат Бапишев құттықтау сөз сөйлеп, баршаға әділ бәсеке мен спорттық жетістіктер тіледі.
Жарыс бағдарламасына үстел теннисінен турнир және командалық эстафеталық ойындар енгізілді.
Теннис турнирін ұйымдастыруға нұсқаушы-маман Нұрқан Сембаев пен волонтер Өмірзақ Жұмат жауапты болды. Сонымен қатар, Өмірзақ Жұмат жарыстың бас төрешісі қызметін атқарды.
Эстафеталық жарыстың қазылар алқасының құрамында «AMANAT» партиясының Сарыарқа аудандық саяси кеңесінің мүшесі, «Тенгри» футбол академиясының директоры Амангүл Базарова, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының маманы Дәрия Әлиқызы және Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әуезхан Қожабаев болды.
Жарыстар достық пен жоғары спорттық бәсеке рухында өтті. Қатысушылар өздерінің жақсы дене дайындығын, ұйымшылдығын және жеңіске деген жігерін көрсетті. Көпшілігі жарыс барысында өздерін қайтадан жас сезініп, көтеріңкі көңіл күй мен жағымды әсер алғандарын атап өтті.

Эстафеталық жарыстардың қорытындысы бойынша:
• I орын – «Жігер» командасы (ФОК);
• II орын – «Қарлығаш» командасы (би тобы);
• III орын – «Неугомонные» командасы (оңалту гимнастикасы тобы).

Сондай-ақ, йога, Айкүне, скандинавиялық серуен және жаттығу залы топтарының қатысушылары арнайы номинациялармен марапатталды.
Үстел теннисінен ерлер арасында Ереке Аханов жеңімпаз атанды. Қалған
II және ІІІ орындарды Нұралы Әубәкіров пен Бауыржан Досжанов өзара бөлісті.
Әйелдер арасында Сабира Алкенова бірінші орынға ие болды.
Екінші орынды Гүлнара Саитова, ал үшінші орынды Жәмилә Ажғалиева жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Жолаушыұлының атынан дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы тарапынан медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Орталық ұжымы іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өтуіне қолдау көрсеткен Дирекцияның менеджер-нұсқаушысы Батырхан Сәкеновке алғысын білдірді.
Спартакиада көтеріңкі көңіл күйде аяқталды. Қатысушылар би билеп, әсерлерімен бөлісті және осындай спорттық кездесулердің игі дәстүрге айналып, алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынына сенім білдірді.



