20 мамырдан бастап Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қала зейнеткерлері үшін жазғы маусымның ашылуына орай Жетісу саябағында әр сәрсенбі сайын сағат 17:00–19:00 аралығында «Жадыраған жаз» атты би кештерін өткізеді.
Зейнеткерлерге арналған ретро әндер кеші ардагерлерді әлеуметтендіру, сауықтыру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізіледі. Бұл бастама екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. 2025 жылғы жаз маусымында қала зейнеткерлері үшін 15 би кеші ұйымдастырылған.
Кеш барысында қатысушылар ретро әндерге билеп қана қоймай, өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынады. Сондай-ақ би ұжымдары мен жеке орындаушылар да өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, жазғы маусымның ашылуынан бастап Жерұйық, Президенттік, Орталық, Ататүрік және Ботаникалық саябақтарда, сондай-ақ Нұржол гүлзарында сағат 09:00–11:00 аралығында таңғы сауықтыру жаттығулары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қала тұрғындары йога, оңалту гимнастикасы, пилатес, скандинавиялық жүріс және «Цигун» тыныс алу гимнастикасы бағыттарымен айналысады. Бұл шаралар тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Сауықтыру жаттығулары Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының білікті нұсқаушылары тарапынан қыркүйек айына дейін кестеге сәйкес жалғасады.




