Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының цигун үйірмесі «Тыныс пен энергия үйлесімі» тақырыбында ұрпақтар сабақтастығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында №66 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектепке барды. Іс-шара аясында зейнеткерлер мектептің дене шынықтыру сабағына қатысып, 6–7 сынып оқушыларымен бірлескен цигун жаттығулары бойынша шеберлік сағатын өткізді.

Сабақ барысында цигун тәжірибесінің негізгі қағидалары, тыныс алу жүйесі, дене үйлесімділігін сақтау және ішкі энергияны реттеуге бағытталған жаттығулар қамтылды. Зейнеткерлер мен оқушылардың бірлескен жұмысы ерекше қызығушылық тудырып, әсерлі атмосфера қалыптастырды. Оқушылар егде жастағы жандардың белсенділігіне тәнті болып, үлкен ықыласпен қатысып, қолдау көрсетті.

Шеберлік сабағының соңы көтеріңкі көңіл-күймен өтіп, қатысушылар музыкалық флешмобқа ұласты. Ұстаздар мен оқушылар зейнеткерлерге алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін арнады. Балалар «Жүз жасқа жетіңіздер!» деп ізгі ниеттерін жеткізсе, қариялар өз кезегінде баталарын берді. Осылайша, екі буын арасындағы тағылымды кездесу мазмұнды әрі жылы әсермен өз мәресіне жетті. Қайырымдылық пен мейірімділікке негізделген мұндай игі бастамалар жалғасын таба берсін.



