Өткен демалыс күндері Астана қаласында 2026 жылғы Сенат Кубогына арналған жылдам шахматтан турнирдің 1/8 финалдық кезеңі өтті. Интеллектуалдық додаға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан 56 зейнеткер шахматшы қатысып, өзара бақ сынады.
Ардагерлер арасындағы чемпионатта Орталық намысын қорғау үшін 80 жастағы тәжірибелі шахматшы Мерғалым Нурумов бастап барды. Жарыс барысында орталықтың 10-ға жуық ойыншысы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды. Бұл — ардагерлердің шахматқа деген қызығушылығы мен зияткерлік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Сайыстың қорытындысы бойынша Байқоңыр ауданынан келген 66 жастағы Атушева Қорлан апамыз үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі бірінші орынды иеленді. Оның жеңісі табандылық пен тәжірибенің жарқын үлгісі болды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Осындай жарыстар ардагерлердің белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың интеллектуалдық қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Барлық қатысушыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!



