Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында еліміздің басты мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Концерт – Тәуелсіздік рухының, халық бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының нағыз бейнесі болды.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, патриотизмді нығайту және қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсету еді.
Астана қаласы «AMANAT» партиясы Сарыарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Тілес Талғат Оспанұлы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Жолаушыұлы Қарабатыров және Астана қаласы мәслихатының депутаты Смайлов Бауыржан Амангелдіұлы мерекелік кештің құрметті қонақтары болды.

 
Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев Орталық ұжымы мен ардагерлерді мерекемен құттықтап, әлеуметтік қолдау мен белсенді ұзақ өмір сүруді нығайтудағы орталық қызметінің маңыздылығын атап өтті.
Республика күні мен әлеуметтік қызметкерлер күніне орайластырылған Сарыарқа ауданы әкімінің Алғыс хаттарын Тілес Талғат Оспанұлы ардагерлер мен Орталық қызметкерлеріне табыс етті.
Марапатталғандар арасында 93 жастағы тыл еңбеккері Зиновий Авилов, ардагер-шахматшы Мұхтар Ахметов, оңалту гимнастикасының белсенді қатысушысы 88 жастағы Оксана Герасименко, Орталық қызметкерлері Омар Жұмабек пен Нұрқан Сембаев та болды.
Сонымен қатар, мерекелік кеште қарттар айлығы аясында тұңғыш рет бильярдтан өткен турнирдің жеңімпаздары Марат Ақашев, Вячеслав Ли, Мұрат Шамиганов пен Боранбай Рамазанов марапатталды.

 
Аталған турнирді өткізуге мәслихат депутаты Бауыржан Смайлов демеушілік жасады.
Мерекелік кеш Орталықтың шығармашылық ұжымдары дайындаған концертпен аяқталды.