Өткен демалыс күндері Жетісу саябағында «Otbasy Fest» фестивалі аясында мазмұнды мәдени бағдарлама өтті. Шараның ресми ашылуы салтанатты концертпен басталды. Концертті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ашып, қатысушыларға жүрекжарды тілегін жеткізді. Сахнада мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, би ансамблі ұлттық биімен көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, белгілі өнерпаздар — Медет Салықов пен Клара Төленбаева ән айтып, мерекенің көркін аша түсті.



Фестиваль аясында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бастамасымен Сарыарқа ауданының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжебулат Бапишев отбасы тақырыбында мазмұнды лекция оқып, қатысушылармен өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, іс-шарада Білім беру-интерактивті аймағы, отбасылық шеберлік сабақтары, түрлі байқаулар мен ойындар ұйымдастырылып, әр жастағы азаматтарға қызықты әрі пайдалы бағдарлама ұсынылды.


Otbasy Fest — отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, рухани байланысты нығайтатын, ұрпақтар сабақтастығын ұлықтайтын маңызды мәдени іс-шара болды.



