9 қыркүйек күні Алматы ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Жерұйық саябағында «Көңіл-күй бояулары» атты арт-сабақ ұйымдастырды. Жаңбырлы күнге қарамастан, шара мазмұнды өтіп, арт-терапия бөліміне қатысушыларға ерекше әсер, жарқын эмоция мен көтеріңкі көңіл сыйлады.




Сабақ ойындар мен сергіту жаттығуларынан басталды. Одан кейін әрбір қатысушы саябақтан күзгі жапырақтар жинап, үлкен ватман бетінде өзінің «күш ағашын» бейнеледі. Осы жеке жұмыстар тоғысып, «Күзгі көңіл-күй» атты ортақ шығармаға айналды: жапырақ іздері, гуашь, бор және түрлі түсті бояулар үндестік тауып, композицияның орталық бейнесіне айналған ағаш символдық сипат алды.



Жылы әрі шабытты атмосферада қатысушылар өз қиялы мен шығармашылық қабілеттерін еркін көрсетіп, бір-бірімен жақсы көңіл күймен бөлісті. Шара соңында өткізілген музыкатерапия жаттығулары ырғақты әуенмен үйлесіп, барлығын қуанышқа, сергектікке және жаңа шабытқа бөледі.



