Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

28 тамызда Астана-1 теміржол вокзалынан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 47 зейнеткері Семей қаласы мен Жидебай ауылына бағытталған «Абайтану» экскурсиялық турына жолға шықты. Сапар алдында қатысушыларға орталық мүшесі Орманбек Оразұлы бата беріп, саяхатшылар қасиетті Абай еліне аттанды.

Экскурсия 28-31 тамыз аралығында өтті. Бағдарламаға Жидебайдағы Күшікбай батыр ескерткіші, «Еңлік-Кебек» ескерткіші, Мұхтар Әуезов музейі, «Абай жолы» паркі, Абайдың туған жері мен үй-мұражайы, Абай-Шәкәрім кесенелер кешені, Қайым Оразалин музейі, сондай-ақ Семейдегі әдеби-мемориалдық кешендер кіреді.

«Абайтану» турының мақсаты – әлеуметтік туризмді дамыту, зейнеткерлерді ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығымен жақын таныстыру», – деді орталықтың перспективалық даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова. Оның айтуынша, бұған дейін алғашқы топ (23–27 тамыз) сапарды сәтті аяқтап келген. Жалпы бұл жобаға 91 зейнеткер қатысты.

Орталықтың қатысушысы, «Алтын алқа» иегері Ләззат Көпжасарова да сапарға ерекше қуанышпен шыққанын жеткізді. Оның айтуынша, Абай мұрасын көзбен көру, туған жерін аралау – үлкен рухани серпіліс.

Ұлы ақынның еліне жасалған бұл саяхат елордалық зейнеткерлер үшін тағылымды әрі мазмұнды шара болып, оларға ерекше рухани қуат сыйлады.